28 қаңтар күні "Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінде облыстық құсбегілер федерациясы ұйымдастыруымен құсбегілік пен саятшылыққа арналған дәстүрлі «Салбурын» этнографиялық шарасы болып өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дәстүрлі жиын мақсаты - қазақтың бекзат өнері, ұлттық спорт түрі - құсбегілік пен саятшылықты халық арасында кеңінен насихаттау, оған жас буын өкілдерінің қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қалың бұқараға ортақ қысқы мерекеге айналдыру.
«Қарашаңырақ» жанындағы ұлттық спорт алаңында өткізілген шараға Тұщыбек ауылы мен облыстың әр түкпірінен келген құсбегілер, облыстық құсбегілер федерациясының президенті Ерболат Есжанов, Отпан ауылдық округының әкімі Беркін Қалдығұлов және Отпан тау маңайындағы ауылдардың тұрғындары қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушы Жомарт Айдарбек шараның тарихы мен мақсатына тоқталып өтті. Шараға жиналғандар құсбегілік пен салбурын туралы аудиолекция тыңдады. Құсбегілер Айшуақ Тайманов ,Ертіс Есжанов пен Өтежан Советов қыран құстардың түрлері, олардың жастарына қарай атаулары, асырауы, баптауы т.б. туралы жас көрермендерге түсіндірсе, олардың шәкірттері қыран құстарды (бүркіт, ителгі мен қаршығалар) қолға шақырып қондыру, шырғаға, қоян мен кептерге түсу машықтарын көрсетіп, бабы мен шеберліктерін шараға келген көрермендер алдында паш етті.
Шараның дәстүріне сай биыл аудан өнерпаздары әнші Сәттіғали Нұрдәулетов пен жыршы Бекенжан Ер Төлеп қатысып, көпшіліктің көңілін көтеріп, шараны мерекеге айналдырып жіберді.
Шара соңында «Отпан» МКҚК директоры Жадыра Кетеева мен Маңғыстау облыстық құсбегілер федерациясының президенті Ерболат Есжанов шараға қатысқан жас құсбегілерді Алғыс хаттармен марапаттады.